12.07.2022
118
АСПА ЖОЛ
Зымырап өрге тұйғындай
Заулайды вагон-қауғамыз.
Қапырық, шаңға ұрынбай,
Келеміз шырқап тауға біз.
Вагонда: бала, кемпір, шал,
Өрімдей өңкей қыз, жігіт.
Биікке сонау жан құштар
Барады бастап ізгі үміт.
Иығын төсеп бағандар
Толғайды темір арқанды;
Өнері жетік адамдар
Өренді өрге тартады.
Қабақ та шытпай, қиналмай
Жетеміз қиыр, төбеге.
Лебізі таудың сыйғандай
Сімірсек түгел кеудеге.
Алдыңда жатыр Алматы
Оранып қалың бау-баққа.
Қарайтын сірə бар қалпы
Жалтаңдап салқын тау жаққа.
Қызығы жердің секілді
Қияға тартқан аспа жол.
Сабақтар жалғап не түрлі
Апарар əлі асқарға ол!