12.07.2022
95
Атамын күнде осылай таңмен бірге...
Атамын күнде осылай таңмен бірге,
Тарайды таң сəулесі бар өңірге.
Сағалап сол сəулені келем бе екен
Қалыспай қарағалы мен де өмірге?
Бітті екен қанша жұмыс осы түнде?
Жанды екен қанша шырақ жер үстінде?
Жылтырап сол шырақтың біреуіндей
Көрінген қандай жақсы көп ішінде?
Кезімде өлең жазып таңды күткен
Өзіме керегімді алдым ба екен?
Сəулесі түнді түрген таңға ұласып
Өшпейтін бір шырағым жанды ма екен?
Жазсам да қаншама өлең көзімді ілмей,
Тапсам да өлеңдердің сөзін мірдей,
Секілді өшпес шырақ бар ма бірі –
Келемін өмірімше соны білмей.
Жо-жо-жоқ, оны тіпті білмейін мен,
Оларды білмегенге дым кейімен.
Тынысын таңдарымның сезсе болды –
Оқыса өлеңімді кім кейіннен!