12.07.2022
108
СОҢҒЫ СƏТ
Аттанар күнім еді бұл
Қоштасып «Аяққалқаннан».
Сағатым еді соңғы бір
Дəместік борышты атқарған.
Əдейі келдім ертерек
Күндегі түсер мезгілден.
Алқына құшқан еркелеп
Суының демін сездім мен.
Кідірмей кетіп қалар деп
Қысылды ма екен асығып;
Жып-жылы толқын маған кеп
Жабыла кетті асылып.
Естіліп айқын дыбысы
Сүйеді сонша аймалап.
Жолыңда тіпті жоқ ісі,
Құшаққа мүлде алды орап...
Сүйсіне мен де шомылдым
Құмарым əбден қансын деп,
Елесі жүрген жолымның
Есімде ұзақ қалсын деп!
Ерекше терең сездім тек
Айрылу сырын сол күні.
Қоштасар сəттер соңғы рет
Ыстықсың неге сол ғұрлы!