12.07.2022
88
Туар деп тосын жаңа өлең
Туар деп тосын жаңа өлең
Шығамын тауға қашанда.
Өрісім шүйгін жəне кең
Аралап қайда барсам да.
Қош алды тағы ол мені
Көгалын төсеп кілемдей.
Төсінде гүлдер өрнегі
Түсіңе сирек кіргендей.
Сынайын дей ме тұтқиыл
Алыстан келген кезімде,
Нажағайлатып тіпті бір,
Үңіліп өтті көзіме.
Өзімше мен де сыр бермей,
Жалына таудың жармастым.
Ереңсіз мүлде жүргендей
Аяқты ширақ, дəл бастым.
Өзгеріп Асы кеткен бе,
Тартқам ба қартаң əлде мен?
Асуға таман жеткенде
Ауырлап кетті алған дем...
Биік деп бірақ тау шыңын
Баспауға қалай көнермін:
Мекені жатыр малшының,
Өрісі жатыр өлеңнің!