12.07.2022
94
Секілді шыңдар басы əппақ отау...
Секілді шыңдар басы əппақ отау,
Апарып қондырғандай көкке тақау.
Қымс етсе ақша қардан үзік жауып,
Сақтайды қалпын ұзақ жазда Алатау.
Кеппейді шілдеде де тау ылғалы,
Сорғиды шықтан əрең шалғын жалы.
Жүзесің көк жайлауда кейде соған,
Келгендей əдейі іздеп шомылғалы.
Ақ отау тұрғанымен күнге жақын,
Алыстан көрінгенмен көзге жарқын.
Иықтан ішігіңді түсіртпейді,
Күн қайтса, тартады тау дереу салқын.
Алайда елемейді малшы оларды,
Бəрі бір, нөсерлетіп, жауса қары.
Өрісте өлеңдетіп жүреді олар,
Шүйгінде қай-қайдағы жатса малы.
Еңбектің қызығы ынтық қылса сені,
Өзің де елемес ең ешнəрсені.
Өлеңнің өрісіне шықсаң солай,
Жаныңды жауратар ма күшті əсері!