12.07.2022
  84


Автор: Ғали Орманов

ЖЫР САПАРЫ

Əдейі, Сəке, келеміз
Ауылға біздің жол тартып.
Сөзімді селкеу демеңіз
Қуанған кезде кетсе артық.
Жарыса жатқан Алатау
Жаяды бізге құшағын.
Аралап жүрсем аман-сау,
Ұмытпан əсте бұл шағын.
Жібегін желпіп кеудеге
Самалы соның тұр есіп.
Көзімді тігем əр неге,
Отырған жандай тілдесіп.
Баяғы бала кезімде
Осынау жолмен өткемін.
Шалынбай жанның көзіне,
Сағымға жүзіп кеткемін.
Қараймын таныс белеңге
Көрінген тағы мұнартып.
Тартқалы сондағы ел-елге
Келеміз өлең-жыр артып.
Қиялың жетпес өмірді
Қызығып кімдер толғамас,
Сабағы терең соғұрлы
Сырлары кімді қозғамас!
Баяғы бала қолы құр,
Түгі жоқ жұртқа тартатын,
Кеудесі қазір толы жыр –
Қасыңызда отыр қарт ақын.
Құшақтап құрбы, туғанша,
Құттықтар əлі көп таныс.
Жырына жұрты қуанса,
Сізге де болар мақтаныш.
Қызығын көріп күн ұзын,
Ауылда дамыл алыңыз.
Сіміріп ауа, қымызын,
Тынығар, бəлкім, жаныңыз!
Ұмытпас сыйлық тартқандай,
Қуанар сізге жас, кəрі.
Қонаққа келіп жатқандай
Қазақтың роман, дастаны.





Пікір жазу