12.07.2022
  113


Автор: Ғали Орманов

ШАҒАН ТАУДЫҢ ТӨСІНДЕ

Бөлекше тамам таулардан
Шаңқиып Шаған тұр оқшау.
Көңілді дəйім аударған
Көрнекті биік тым жақсы-ау!
Кем емес Ешкіөлмесімнен
Қашан да маған Шағаным.
Баурыңда баулып өсірген
Белгілі мен де балаңмын.
Алдыңа қашан келсем де
Аласың жылы құшаққа.
Аналық мейірім тұр сенде
Жеткізер ұлын ұшпаққа.
Осынау қалың қырқалар
Ұқсайды қилы кітапқа.
Секілді маған жыр солар
Таусылмас тартсам ұрпаққа.
Тұрысың көзге тым ыстық
Ұялап өскен түлектер.
Төсіңе мені бір қысып,
Төбеңе солай бір кетер.
Алысқа содан самғайын,
Ауыр деп алпыс қысылмай.
Сезейін өзімді əрдайым
Шабыты қайтпас құсыңдай!





Пікір жазу