12.07.2022
118
САУЛЫҚ ҚАЛҚАНЫ
Жалықпай жазда мекендеп
Жатырмын «Аяқ қалқанда»,
Жазылып, бəлкім, кетер деп
Аяғым сенің арқаңда.
Құнарын, күшін аямай
Сіркіреп суы тұр жауып.
Құмартып күнде баладай
Түсеміз соған бір ауық.
Соғады сені жан-жақтан
Серпіні күшті су ыршып.
Сыртыңнан жаңбыр боратқан
Сықылды бейне ши ұшық.
Қуатын сезбес кім оның
Қунатса тиіп жəрдемі.
Аймалап сүйген суы оның
Секілді жұмсақ жер демі.
Құмы да саған бағалы
Құшақтап жатса қыздырып.
Көлі де сені бағады
Күнінде неше жүздіріп.
Солардың бəрін сүйем мен
Жаныма рахат тапқандай.
Сырқатты жүйе-жүйемнен
Сыпырып тастап жатқандай.
Шуаққа жүзем өңшең бір
Сипатып күнге арқамды.
Даруы дəрмен осы өңір
Секілді саулық қалқаны!