12.07.2022
105
АШЫҚ ЖОЛ
Құмармын сонша көктемге
Қуатқа толы тынысы.
Қуана күліп жеткенде
Құшады дəйім жылысы.
Көресің байтақ өңірде
Қосылып жатқан көп өмір:
Құлпыра өскен көгі де
Секілді түгел өлең-жыр.
Безеніп шыққан ел Майға
Ұқсайды қандай көктемге!
Дер едің жұртты ондайда
Өзі де гүлдеп кеткен бе?!
Жамырап бірге жас бұтақ,
Ашыпты түгел бүрлерін;
Жабыла о да құттықтап
Сермейді шоқ-шоқ гүлдерін.
Жапырақ жайған ағаштар
Сүйкімді қандай, қарап көр.
Жазыңа жомарт жол ашқан
Секілді жасыл семафор...