12.07.2022
  109


Автор: Ғали Орманов

ӨЛЕҢ ҰЯСЫ

Қуана мен де жайластым
Алматы қонақ үйіне.
Тыңдасам, сірə, тоймаспын
Төгілген тұңғыш күйіне.
Сəулетін көрсе кім оның
Қызықпас дейсің құмартып.
Құлаштап аккордеонын
Тұрғандай қала күй тартып.
Телміре қарап тау да оған
Тіге ме деймін құлағын.
Күйінен соның аумаған
Құйып тұр күміс бұлағын.
Көпірі көлі қос арал
Дірілдеп жатыр қоса оған.
Жүзіңді желпіп тұр самал
Тынысы жібекке ұсаған.
Қаланы тербеп əсем күй,
Ауада дəйім тұр шалқып.
Көтеріп биік зəулім үй,
Тыңдамас оны кім балқып?
Өзім де тұрмын қияда,
Онысы қалай демеңдер.
Қызығып биік ұяма
Қонып жүр құсша өлеңдер!





Пікір жазу