12.07.2022
  127


Автор: Ғали Орманов

САҒАТ ТІЛІ

Көрсем де қашан келіп бұл сағатты,
Толқимын өз-өзімнен сонша қатты,
Қам көңіл күндеріміз түседі еске
Қозғаған мұңы бірге адамзатты.
Тым-тырыс ұзақ жылдар тұрған жүрмей
Түріне өтер дейсің кім үңілмей!
Қашан да ол халыққа ыстық сезіледі
Лениннің дамылдаған жүрегіндей.
Қалпы əлі айныған жоқ қарапайым,
Қасына кеп тоқтайсың көрген сайын.
Жүзіңе ұдайы бір үнсіз қарап,
Таусылмас сыр шерткендей саған дəйім:
Заманда сонау түнек осы сағат
Жібермей минуты мен секундты ағат.
Тақалған кəрі дүние алқымына
Қалт қылмай тұрған шығар күнді санап.
Ленин де қайда келсе, қайда жүрсе,
Қалт етпей қадағалап мұны əмісе.
Уақыттың қадамына дəл келтіріп
Дұрыстап қойған шығар əлденеше.
Данышпан бермей оқыс сөздерге дес,
Дегенде: бүгін ерте, арғы күн кеш...
Сағаттың сыртылдаған секундтары
Мезгілді баққан шығар жаңылмай еш!
Естіртіп Октябрьдің əлемге алдын,
Дауысы жаңғырғанда «Аврораның»,
Сыртылдап тұңғыш осы соққан шығар
Секундін жаңа туған замананың.
Отанның ұлан-қиыр өңірінде
Жер шалғай, жолы қиын сол бір күнде,
Тіршілік секундінің тынысында,
Ұдайы осы сағат болды бірге.
Мезгілден жаңылған жоқ ол əр жолы,
Қыруар күндер өтті жырға толы...
Əлі де ол көзіңе ыстық көрінеді
Басқандай жылы табын Ленин қолы.
Бет түзеп тартқанда жұрт ілгеріге,
Тобында туларындай Ленин бірге,
Тағы осы шотша қағып тұрған шығар
Елімнің еңбегін де, ерлігін де.
Қырқыста халқымыздың қыры сынбай,
Қызғанда жерімізде жұмыс тынбай,
Секундін бірге соққан сездік оның
Заманның еркін алған тынысындай.
Көрген жоқ ұлы көсем бір күн тыным,
Осымен өлшеп түгел жұмыс күнін,
Мезгеген мезгілінен айныған жоқ
Жүргенде ортасында жұмысшының.
Сиғызды ол уақытының соған бəрін,
Жұмысын кеңселердің, қоғамдардың.
Жалғасып жылдарға ұзақ жатыр онда
Жолдары Ленин сызған жобалардың...
Бұзбаған сағат тілі əлі қалпын
Бір түрлі жанымызға жылы, жақын.
Ұрпаққа көрсетуге сақтар осы
Көсемнің қалғып кеткен соңғы сəтін...
Белдерді нелер бұлың тастап артқа,
Еліміз ең биікке тартқан шақта,
Сағаты данышпанның алдындағы
Секілді əлі айнымай тұрған сапта.
Сағат па ол тоқтап қалған мүлде жүрмей!
Бір сəтті күзетіп тұр күллі өмірдей.
Сезілед оның осы тұрысы да
Лениннің мəңгі сөнбес жүрегіндей!
Көргелі келмес дейсің кімдер мұнда.
Жалғасып жатар ұзақ жылдар жылға.
Қайрылар қашан болсын Ленинге жұрт,
Жұмыр жер айналғандай күн маңында.





Пікір жазу