12.07.2022
124
АЙДАҒЫ ТАС
Аспанда жалғыз бозарған
Қарадық айға қанша біз.
Болса да білу оны арман,
Арамыз жатты сонша алыс.
Қиялға бөлеп оны тек,
Қиырдан қостық өлеңге.
Толғаған соны көп ертек
Жайылды жыр боп өренге.
Адамның ақыл, өнері
Анықтап бүгін көрді оны.
Алдыңда айдың бедері
Секілді таныс жер жоны.
Қылтиған тастан беткейге
Қиялай түскен көлеңке.
Көңілден əсте кетпейді
Көзімізге үйір сол өлке.
Ағарып жатыр бытырап
Алыста түрлі қойтастар.
Айнала қанық атырап –
Шұқанақ, дөңес, ойпаттар...
Алыстан жерге қараған
Аруды көрдік көзбенен.
Жырлары жұртқа тараған
Ақындар жазды өзге өлең.
Сипатын айдың білгенге
Қынжылмас сірə сұлулар.
Сырлары жыр боп жүргенге
Жандары, бəлкім, жылынар.
Жасаған мəңгі жеріңдей
Бітімін ай да жоғалтпас.
Сақталар өшпес белгідей
Көлеңке төккен сонау тас!