12.07.2022
111
Қартайдым деген əңгіме
Қартайдым деген əңгіме
Көрінер, бəлкім, құр желеу.
Жайымды бірақ əркімге
Танытар мынау ақ селеу.
Шашыма бола сірə мен
Сұраман жастық ешкімнен.
Жазылып жатса жыр, өлең,
Көктермін қайта ішімнен.
Жүзіме жылдар із салса,
Демеймін бойға оны мін.
Самғаса болды құстарша
Өлеңші ұшқыр көңілім.
Жасымды жатса жыл ұрлап,
Тұрмаспын жəне қартаймай.
Жатпасам болды жалғыз-ақ
Жантайып төрде атамдай!