12.07.2022
  88


Автор: Ғали Орманов

АҚЫН ЖАЗЫ

Құс көңілім құйқылжыған қайда менің?
Төгілген көкірегімнен қайда өлеңім?
Жыр толы жылдарымнан жырақ тартып,
Жаңылыс жазатайым қайда келдім?
Алпыс жас əкетіпті мені шырқап,
Əрнеден алыстатып, жеңді бұл шақ.
Жаз қайта, ақшалаған тау басындай,
Əппақ қар қара шашты көмді шымқап.
Соған тек тоңар емес көңіл мұздап.
Жанымды жарылқайтын сол жалғыз-ақ:
Басы қар Алатаудың құшағында
Балбырап əсем жазы тұрмай ма ұзақ!
Осыдан айнымайды көңіл кейде,
Аңласақ, жер бітімі – өмір бейне.
Қар жатқан биік шыңдай қарт ойынан
Өлең де тас бұлақша төгілмей ме?





Пікір жазу