12.07.2022
  104


Автор: Ғали Орманов

Кейде ақын ұзақ түнге жазад өлең...

Кейде ақын ұзақ түнге жазад өлең,
Демейді ол біткенше маза көрем.
Көңлінде түйін болмай, төгілсе жыр,
Көрінер қуанышы көп, азабы кем.
Ондайда қараса оның кім түріне,
Ұйқы ізі шалынбайды кірпігінде.
Қаламмен қарауылда отырады,
Қайырып түнді түздің түкпіріне.
Тынбайды ол таң білінбей, түн түрілмей,
Бағады ой өлкесін кірпік ілмей.
Өлеңін ұйқысынан көреді артық –
Тербеткен төсегінде түк білдірмей.
Түгендеп дүниені көңіл жүйрік,
Қозғайды ақын күйін төгілдіріп.
Осылай масайраған таңмен бірге,
Қарайды өлеңінен өмір күліп.





Пікір жазу