МАХАББАТ ТІЛІ – ПАРТИЯ
Сырыңды сенің, партиям,
Келемін жете шерте алмай.
Қағажу қалсам бар сыйдан,
Батар ма жанға дəл сондай!
Ойларын жұртқа Лениннің
Жеткізе жырмен білмесем,
Шертпесем сырын елімнің,
Не керек бітеу құр еңсем!
Қалтада қызыл билетті
Қампитып жүру неге сəн?
Кетікке дереу керекті
Қаланар кірпіш болмасам?
Сырыңды сенің, партиям,
Жеткізіп солай айталмай,
Көңілім талай тартты ұяң,
Сынаған сəтте дəл сондай!
Əреңмен бастым аяқты,
Теңселген жанша мас болып.
Өзіме соқтым таяқты,
Көзіме кейде жас толып.
Ойлаймын соны тағы да,
Өлшетіп бəрін безбенге.
Халқымның қарық шағында
Ұқсаймын мен де сезгенге.
Жерімді түгел кернеген
Осынау теңіз миллиардты,
Кетпейтін жырдай кеудеден
Кенелтіп сонша кім тартты?
Ерлікті ел мұндай істер ме,
Өлшеусіз саған сенбесе?
Сезбеген бұрын еш пенде
Қуат бар мұнда, ендеше!
Өзіңше елін сүйсе кім,
Жүрегін дəйім жылытар.
Өмірлік нұрын құйса күн,
Осылай жерді жарылқар!
Жетсе тек осы махаббат,
Жеткізбес биік жоқ білем.
Айналам түгел мал мен бақ,
Менің де сыйым көп білем.
Ақын да шалқып сөйлейді
Махаббат тілін тапса тек.
Мені де шыңға сермейді
Ойыңа сөзім тартса тек!