12.07.2022
  87


Автор: Ғали Орманов

ДИҚАН СЫРЫ

Сықасып байтақ алқапта,
Сықырлап егін толқиды.
Жазғандай өзі дəл хатқа,
Сырларын диқан оқиды.
Сабағы биік бидайдың
Сипайды сұлу мұртынан.
Танысын оны мұндай кім,
Тынысын түйген сыртынан?
Қауызды кернеп тырсиған,
Санайды дəнді ерінбей.
Елестей ме екен шіркін дəн
Өзінің моншақ теріндей?
Жайына соның дағдылы
Өзім де қатты қызығам:
Судырап құйған дəн үні
Секілді өлең, сұлу əн!





Пікір жазу