БАЛА КҮҢГЕЙ
Шағын тау Бала күңгей көк қияда,
Бақ-дəулет ондай жерге көп сыя ма?
«Табағы тар жаралған тапшы өңірге
Тəңірім несібесін көп қия ма?» –
Деуші еді осы өлкенің елі бұрын,
Өзім де аралағам ойы, қырын.
Тұмадан талшық алған титтей егін
Тамызбай кетуші еді көбіне ырым.
Көзімді тартады сол Бала күңгей,
Жүзіп тұр бауыры егінге, адам жүрмей.
Өмірбек, Омар неге кедей өткен,
Осынау ен дəулетті ала білмей?
Кеңейіп кеткен бе əлде алқап бүгін?
Келемін көзге тосын байқап түрін.
Толықсып егінді өңір шыға кепті,
Қашанғы кəрі түбір тастап түгін.
Жалғасып жатыр соның көкке шеті
Өсірген бабын тауып кім біркелкі?
Баяғы бабасының есесін ап,
Елінің екті ме екен өз перзенті?
Құйған ба құтын соған елдің қолы?
Кең өлке тіреліп тұр егін толы.
Солардың арасында бұғынғандай,
Көрсетпей жатыр ұшын керуен жолы.
Жасырған жол сорабын жасыл өзек,
Жан-жағын жалпақ егін жатыр безеп.
Бидайлар буырыл тартқан мұртын сылап
Қарайды маған ылғи басын изеп.
Тұнып тұр егін түрі жаңа піскен,
Бықып жүр комбайндар соған түскен.
Лезде-ақ егіс шеті ығысыпты,
Шыдамай сырғығандай сонау күштен.
Дəулет сол құйып жатқан «Арасанға».
Тым аң-таң Бала күңгей тамашаға...
Астығы алдындағы төтеп жатыр,
Ол түгіл өзге өлкені орасаң да!