12.07.2022
  125


Автор: Ғали Орманов

АҒА ТІЛЕГІ

Сөзімді, Хамит, сен екше,
Сөйлесем қимас ағадай.
Жайың бар жансың ерекше
Жəне үлкен, жəне баладай.
Елуге келдің ер жетіп,
Еліңе салып көп олжа.
Өлеңдер тартқан кенелтіп
Өкпеміз болмас о жолға!
Əкелдің арнап халқыңа
Арқалап қыруар дастанды.
Жетер ол жүлде тартуға
Тізбей-ақ тіпті басқаңды.
Тоғытып жырға далаңды,
Тойыңа келсең сен биыл.
Тоқтатпай сілтер қаламды
Тосып тұр тағы не қиыр!
Өлкелер бағып ойыңды,
Өмірлер алуан тұр күтіп.
Таныт бір тосын бойыңды
Таппаған бұрын жігіттік!
Өзім де бүгін тойыңды
Құттықтап тұрмын сол оймен.
Ағаша бағып жолыңды,
Абзалдық дейім тілеймін.
Көгалды жапқан ертеңгі
Көрінер шықтай буырыл шаш.
Көрікті сол бір өлкеңді
Құшуға кімдер қызықпас!





Пікір жазу