12.07.2022
  114


Автор: Ғали Орманов

АҚЫН МЕН АСҚАР

Төменде тұрып кейбіреу,
Түйеді тауға жұдырық...
Биік деп өте сол тіреу,
Тастайын дей ме жұлдырып!
– Шыңдарың шырқау болса да,
Шынында менен сен төмен.
Ойларым озып соншама,
Жұлдызды сүйеп тұр төбем!..
Əжімді жүзін тер басқан
Арзымайды оған Алатау.
Сырласы жалғыз көк аспан,
Сылдырлақ сөзге самарқау.
Ақынды биік көтеріп,
Аймалап қимас анадай.
Əдемі гүлдер əперіп,
Құшады сəби баладай.
– Жұлдызға жетсең, балам сен,
Ұшырғам шығар ұямнан.
Өзіңе құлап бар еңсем,
Күндерің көп қой сый алған.
Төскейім қыстау, төбем жаз,
Сайладым сая саған мен...
Жетердей осы шебер наз,
Желпиді жібек самалмен.





Пікір жазу