12.07.2022
  125


Автор: Ғали Орманов

ЕЛІМНІҢ ЕРКЕ СЕРІСІ

Тойыңда тұрмын, Сері-аға,
Толқытып ойлар кеудемді.
Түседі сəуле санама,
Толғансам ойлап сендерді.
Өнері тойға ұласқан,
Елімнің ерке серісі:
Өмірің бітпес бір дастан,
Өлеңнің ұзақ желісі.
Күндерің сонау есімде,
Көзіндей көне əкенің,
Күпінің сақтап ішіне
Өнерді бізге əкелдің.
Ғажайып сол бір жүректі
Халқымыз қалай ұмытар?
Қызуы күндей құдіретті
Қыруар жылды жылытар!
Жаныңмен жырлап жаңаны,
Қаластың кірпіш өмірге.
Жұлдызша шығып жоғары
Жарастың өнер көгіне.
Жүрегі, жаны ерекше,
Теңемес сені кім күйге?
Сендердей адам келмесе
Құлазыр еді бұл дүние!
Ініңмін деуден ерінбен,
Болса да шашым күмістей.
Құшайын, келші бері, мен,
Құмарым қанбас сүйіспей!





Пікір жазу