12.07.2022
  112


Автор: Ғали Орманов

МЕНІҢ ТЕГІМ

Тұғиян жоқ деп айтпаймын
Тегінде біздің ол шалда.
Өзіме қарап байқаймын:
Қосылмас онша осалға...
Шылғырған надан демесең,
Сырында оның мін бар ма?
Сыртыңды соған теңесең,
Шырқыңды сірə бұзар ма?
Əрине, ол ұзақ мал жайды,
Бөлініп түзде түнгі ұйқы;
Өзі де содан аумайды –
Бітімі, түрі шіп-шикі!
Кигені күпі, тон, тұмақ,
Күнесте жүрген түйедей.
Тұрмыста түбі солқылдақ,
Секілді селкеу, тым өгей...
Алайда, əкем надан деп
Қоярмын қайда жасырып?
Шыдамды, қайта, адам деп
Шырқаймын жұртқа асығып!
Жырымның жылы жолынан
Табылсын деймін аты оның.
Қара үзе шығып тобынан,
Жалғасты қайда арты оның?
Сұраса кімдер тегімді,
Айтарым менің тек осы.
Көреген артық, кемімді,
Оқушы оған төреші:
Осал деп оны айтпаймын,
Сабағым содан жалғанса;
Өзіме өлшеп, байқаймын, –
Болмаған осал шал да онша!
Өңімде кейде, түсімде
Боламын түрін көргендей.
Күпінің сақтап ішіне,
Көп ойын маған бергендей!..





Пікір жазу