ӨТКЕЛ АУЫЗЫНДА
Бөктерлей тарттық Барлықты,
Шыңдарды қызық арбиған.
Қарық қып суға халықты,
Басына мəңгі қар жиған.
Тұрмайды бұлтқа шырмалмай
Көгілдір шыңдар тіреп көк.
Шомылып Барлық тұрғандай
Құяды нөсер шүмектеп.
Бүгін де көзден жасырды
Барлықты түгел бұлт орап.
Өзендер кенет тасыды
Көбіктер ата, бұрқырап.
Қарауыл хабар жеткізді:
– Тасты да1 сонша қап-қара, –
Қорқытты үйге кеп бізді:
Өтуге ешбір жоқ шара!
Əркімнің берген ақылы
Алысқа жолды сермеді...
Жағаға келдік ақыры
Тастыны көзбен көргелі.
Терең бе дей-дей ортасы,
Бөгелдік тағы біз біраз.
Бүлкілдеп кетсе жотасы,
Десеміз: түбі сап-саяз.
Тəуекел етер кезеңде
Шофер да тізгін тартқан жоқ.
Шошытқан сонша өзенге
Дөңгелек тіпті батқан жоқ.
Қалжыңбас достым кідіртпей
Қайырды жауап аржаққа.
Қорқытқан əлгі жігіттен
Қаруын, бəлкім, алмақ па?
– Ырзамыз, достар, сендердің
Іркіліп қалғандарыңа.
Бола алсын кепіл селге кім?..
Қалмайық обалдарыңа!..
Өтпей-ақ енді қайтыңдар,
Тілсіз жау – суды кім білсін!
Жігітке сонау айтыңдар:
Түссең-ақ суға сүңгисің!
Қабақта бірге тұрдым мен,
Досымды қостап ішімнен.
Үдемей, кейде күлдім мен,
Секілді бəрін түсінген:
Қалың қол болып көрінер
Қос атты кісі қорқаққа.
Тұмада тасып төгілер
Өмірді білмес шорқаққа!