11.07.2022
100
Көңілдің күйі келгенде...
Көңілдің күйі келгенде,
Толғайсың тосын сыр қозғап.
Жарқырап жым-жырт бөлмеңде
Жанады дəйім жыр маздап.
Ойыңа кірпік ілгізбей,
Ұйқыны серпіп тастайсың.
Үйіңе түнді кіргізбей,
Қаламмен қатты жасқайсың.
Қараса мейлі қарайлап
Қараңғы сыртта тұнжырап.
Көмескі тартпай бар аймақ,
Көрініп саған тұр бірақ.
Қағазға ойың төгілмей,
Өзің де дамыл алмайсың.
Жарығын жырдың сөндірмей,
Түніңді күнге жалғайсың.
Барыңша қорып өлеңді,
Бағасың солай қызғанып...
Қуантса болды сол елді,
Көңлінде өшпес із қалып!