ТУҒАН АУЫЛ ҮСТІНДЕ
Жолаушы жүрсек бір жаққа,
Жалығып жерді басқанға:
Жеткелі жедел жыраққа
Аламыз билет аспанға.
Бүгін де солай қанша адам
Келеміз самғап алысқа.
Бесікше баяу шайқаған
Сенеміз сонша Сарқұсқа.
Қарайын дей ме анамша,
Көлденең тұрған Ешкіөлмес?
Құсымыз бірақ тым онша
Көзге іліп оны ескермес!
Қайрылып өзім жалғыз-ақ
Қараймын қимас Қоңырға.
Қадалам келіп тым ұзақ
Жасымнан қанық сол қырға.
Жағалай үйлер тізіліп,
Тартыпты желі көшелер.
Салар ем сурет не қызық
Қолымда құрал болса егер.
Жайым бар сірə сағынған
Көрмеген көптен төркіндей!
Үйлері күнге шағылған
Жерімнің жаңа көркіндей!
Кестелі жолақ қырына
Келемін назар аударып.
Қалқыған құстай қиырға,
Биіктен бəрін аңғарып...
Бұлдырайды ойлар сағымдай.
Үңілсем өзен, түбекке.
Баяғы балғын шағымдай
Соншалық жылы жүрекке.
Тұқырып тұрған төменде
Тартады көзді Сарбиік.
Жасымда, шіркін, төбеңде
Тұрып ем талай жарбиып!
Қараңды, аулым, көргенде,
Өтермін қалай қалқып жəй!
Қарайын деймін сендерге
Көзімнен əсте қалт қылмай!