ҚҰТ БҮЙЕН
Бұрқырап өрген биіктен
Буырыл жалды Бүйенім.
Жанымды жырға шүйгіткен
Жағаңды сонша сүйемін.
Сарынын шалсам: шың-құзың
Сапырып, саба піскендей.
Сағынып соның қымызын
Боламын дəйім ішкендей.
Бұлттан, мұздан құралып
Орғисың ойға үш Бүйен.
Жосысаң жоның бұралып,
Жалыңды сипап күн сүйген.
Толқымай қалай тыңдармын
Үніңді өлке жырындай;
Шалқая тұрған шыңдардың
Қосыла шерткен сырындай.
Суыңды сыйға балаған
Сүйінсін мендей саған кім?
Тамшыңды тынбай қараған
Көзіндей көрем бабамның...
Жарыса жетіп етекке,
Тарайсың түзге сен барып.
Суыңды шөлге жетектеп,
Болады жылда ел қарық.
Толтырып арық, тоғанды,
Орайсың таудың бөктерін.
Егінге жүзген сол маңды
Аралап талай өткемін...
Ғасырдың тартқан төрінен
Өрісің сенің тым ұзақ.
Сырласып қыруар өмірмен
Жағаңда жүру қызық-ақ!..
Бұрқырап өрген биіктен
Буырыл жалды Бүйенім.
Жанымды жырға шүйгіткен
Жайыңды сонша сүйемін.