11.07.2022
104
Баларақ кезде көп ойлап...
Баларақ кезде көп ойлап,
Байыдым күнде қиялмен.
Көзімді тартып көк аймақ,
Көрінді байтақ ұям кең.
Алыста таулар шалқиған,
Алдыма тосты арқасын.
Араша кездім бал жиған
Алатау, Алтай ортасын.
Қуатын құйдым өлеңге
Құнарлы Ертіс, Үлбенің.
Толқынын тарттым мен елге
Тоғайлы Сыр мен Іленің.
Далаға біткен мəуенің
Жұпарын жидым жырыма.
Үйреттім құстар əуенін
Сайраған сай мен қырымда.
Ораған жерді өрнегі
Тынысын қостым еңбектің.
Өлмейтін өмір бергелі,
Жылысын қостым жүректің.
Төсіңе түскен, туған жер,
Жырымның тек сол жолдары.
Өзіңде туған өлеңдер
Өзіңе тартса болғаны!