11.07.2022
84
ХАЛЫҚ КӨҢІЛІ
Қашан да халқың қымбат қимасыңдай,
Алдыңда ақтарылған сыр жасырмай.
Сен де одан селкеу тартып жүре алмайсың,
Көлденең көршілерше сыйласып жай.
Қиясың қымбатыңды ол қаласа,
Жайың жоқ қайт етуге, қолқаласа.
Жырыңды жүрегіңдей ұсынасың;
Жақсы тек қалауына сол жараса...
Қияды аяулысын ол да саған,
Ақ көңіл, қайда жүрсең өз босағаң.
Атыңды əрі ұмытпай əспеттейді,
Адамдай арасында көп жасаған.
Əмісе ардақтысы оның тек сен,
Болғаны, жаны сүйген күйін шертсең.
Көреді көгіндегі жұлдызындай,
Көңліне жақсы өлеңнің нұрын төксең.
Тапса егер жырларыңнан ақыл, көмек,
Жалғанда сенен артық жақыны жоқ.
Бар ма екен сірə сендей бақытты жан,
Жаралған сондай елдің ақыны боп!