11.07.2022
  117


Автор: Ғали Орманов

ОЙ ЖЕТЕГІ

Байлаулы құстай талписың,
Өзіңнен кейде ой озбай.
Өмірде үстірт қалқисың,
Өлеңге түбің саяздай.
Жарықты көзің көргенмен,
Жəрдемі тимес қараңның.
Өрмесе сəуле кеудеңнен,
Бəрі бір күнің қараң күн!
Өзіңе қамшы ұрғанмен,
Ойыңды сүйрей алмайсың.
Талпынса, таппай түк жəрдем,
Танауы біткен жандайсың.
Жайыңды бірақ білдірмей,
Жармасып, жоқты қармайсың.
Жайына жүрген, дым білмей,
Жандарды қоса алдайсың.
Өзіңнен өзің түңіліп,
Өліп те қала жаздайсың.
Төнгенмен қанша үңіліп,
Өндіріп түк те жазбайсың...
Көңілді кенет жарық қып,
Келеді ойлар бір күні.
Жаныңды сонша қарық қып
Жатады маздап күн нұры.
Өзіңнен солай ой озса,
Тартасың сергек, жеп-жеңіл.
Жаралған қайта адамша,
Сілтейсің құлаш сонда бір.
Аралап ойдың заңғарын,
Қарайсың қиыр сан қырға.
Сөнбейтін мəңгі шамдарың
Жанады дəйім алдыңда.
Құяды күшін көңілге
Көрмеген жазың тұс келіп.
Көрікті жырлар көгінде
Ұшасың ылғи құс болып.
Көгілдір, қиыр, торғын тау,
Құшақтар жасыл белестер.
Сонда əлгі күйбең – құр сылтау
Көрінер түгел өрескел!





Пікір жазу