11.07.2022
  110


Автор: Ғали Орманов

ҚОЛ

Туғанда тұңғыш көтеріп,
Таяныш болған осы қол.
Тірліктен талшық əперіп,
Аяған алғаш досым ол.
Анамның абзал жылысын
Сездірген тұңғыш сол маған.
Əлемнің əсем иісін
Емізген бірге сонда анам.
Жарымның ыстық жүрегін
Жаныма тұңғыш сол басқан.
Жалғанның сол бір лебін
Сезбеген сірə болмас жан!
Ұлыма Ленин есімін
Жаздырған тұңғыш жəне сол.
Алдыңнан өмір есігін
Шаршамай ашқан – тамаша ол.
Өмірде нелер қолдар жоқ!
Өзімше көбін көрдім мен.
Өнерін соның аңғар тек
Өрнектер тартып төгілген.
Келеді көріп ғасырлар
Египет салған тауларды.
Орнатқан жерге осылар
Ақ мəрмəр Тəжмахалдарды.
Тіл жетпес, мүсін, сəулетті
Осылар жерге жасаған.
Не ғылым адам əулеті
Келеді байып сонша оған!
Ұшырған құсын ел-елге
Өнердің қолдар ұясы.
Өреннен жеткен өренге
Өрнектен өшпей сиясы.
Шекспир, Гейне, Пушкинді
Жеткізген бізге осы қол.
Не қилы жылы жақсы үнді
Əкелді бізге қосып ол.
Сиясыз тіпті кейі оны
Жазыпты тербеп жүрекпен.
Танисың дəйім сен оны
Саздағы сұлу суреттен.
Сырынан шебер жазудың
Кем емес бізге бұл бірақ.
Саусағы Құрманғазының
Қалыпты шекте бұлдырап...
Өмірде нелер қолдар жоқ.
Аңғара білсек тек оны.
Жүзікті мүсін қолдар көп
Секілді жігіт өлеңі!
Қараймын қазір мен бірақ
Ғажайып өзге қолға бір.
Болса да кірлеу азырақ,
Беделі түгел толған жыр.
Түрі бар сонша көндіккен
Топырақ, суға кеп түсіп.
Көбесін аздап сөгілткен
Соқтығып тасқа, отқа ысып.
Кездесіп соның біріне,
Сыныңа тартсаң өзіңнің:
Шыныққан бекем түрінде
Көркі тұр коммунизмнің.
Үйлерде аспан тіреген
Көресің оттар маздаған.
Секілді солар жыр-өлең
Жеткізіп əлі жазбаған.
Космоста тірлік есігін
Ашқызған тұңғыш сол жəне.
Жерге егіп жұрттың несібін,
Жеткізді қанша олжаға!
Қуаныш оты сол жаққан
Көрінер нелер ғасырдан.
Шуағын үнсіз таратқан
Не жетсін, шіркін, осыған!!





Пікір жазу