11.07.2022
  104


Автор: Ғали Орманов

СЫРЛАСУ

Кеңкиіп маған кейбір жас
Қараса кейде шалсынып.
Секілді сиқым бейне тас,
Қаламын мен де қалшиып.
Жүзімде тұрған ызғарды
Жасырар ешбір жайым жоқ.
Жібітіп сол бір мұз-қарды
Ойлаймын сырласайын деп.
Жалынған адам сияқты
Жылбырау бірақ жоқ менде.
Болмаймын өйтіп ұятты,
Алпысқа жасым жеткенде.
Жылтырап мені алдамай
Жүрекпен келсе ол маған,
Сіресіп жүзбен арбамай,
Жайылып түсем мен де оған.
Қатыбас қарттық тез жұмсар,
Жүректер тапса жұғымды.
Қасыңда жастық нарға ұқсар
Көтерген ауыр жүгіңді.
Қараса бірақ ол саған,
Қалшиып өзі болғандай.
Жайлауың соны аңсаған
Жатады иесіз, ел қонбай!..





Пікір жазу