11.07.2022
  105


Автор: Ғали Орманов

ОЙ СƏУЛЕСІ

Көрмесе мейлі көрмесін
Кеудесі биік кей достар:
Көңілімді менің тербесін
Көктеген балғын ағаштар.
Шыбықтар өсіп не түрлі,
Жапырақ жайса жалтаңға,
Жырымның жолы секілді
Жеріме жазған сол таңба.
Қыдырсам кейде бау-бақта
Құбылтқан алуан мəуесін.
Жарығын төккен жан-жаққа
Көремін ойлар сəулесін.
Жанары күндей маздаған
Көшелер көрсем келісті,
Жырымның əлі жазбаған
Секілді жаңа желісі.
Көздері күнде күлімдеп
Көрінсе маған жаңа үйлер.
Кеудемде кенет дүбірлеп
Толқиды тосын əн-күйлер.
Елестейді еңбек адамы
Сарыла іске, сыр бермей,
Орнатып ойы жаңаны,
Оттарын жағып жүргендей.
Сəулетке жерді толтырып,
Соғады солар сарайды.
Өңірде сонша құлпырып,
Өмірлер жайнап қарайды.
Отына соның толмаған
Көрмейсің күн мен бос айлар.
Жанымды менің толғаған
Жарылқап дəйім осы ойлар!





Пікір жазу