11.07.2022
166

ШАБЫТ
Құстарым, келдіңдер ме тағы маған?
Сақтадым сендер үшін бағымды аман.
Көрінбей қараларың кетсе кейде,
Құлазып жабырқайды жаным жаман.
Немене ақын күні сендер жоқта!
Қаңғиды басы кенет ауған жаққа.
Жарыса, жазатайым оралсаңдар,
Жамырап жан кіреді бау мен баққа.
Келіңдер, көкірегіме ұялаңдар,
Көңліме сонда ғана күй оралар.
Төгілер сырлар шертіп көк өзендер,
Көрінер бұлтты серпіп қия-заңғар.
Самғасақ сол өңірде бірге сайрап,
Жаңғырар үнімізге түгел аймақ.
Жан күйі кеудемізде тыныс алып,
Күн төнер төбемізден күле жайнап.