11.07.2022
  92


Автор: Ғали Орманов

ӨШПЕС СӨЗ

Алматыдағы атақты құрылысшы Ойрат Млеевке
Қаламызға орнаса үйлер зəулім,
Сонда өнерің бірге жүр, білем бауырым.
Сипатына қарасам кейбірінің,
Ойнап-күліп сыйғандай нелер ауылың.
Өрмекке ұқсас шытырман темір өріп,
Неше қилы шығардың үй көмкеріп.
Əйнек, тасты əсемдеп қиыстырып,
Қаламызға ғажайып бердің көрік.
Жаңа үйлерге көшкен жұрт ол бір толқын,
Жүрмесең де ішінде сен ол топтың,
Бөлмелерде жарқ етіп жанған оттар,
Көзге түспей жағысқан сенің де отың.
Соғар онда, қуанар қанша жүрек!
Шіркін, солар оңай ғой айтуға тек:
Тұтар қанша махаббат, гүлдер өмір,
Құшағында қанша əлі өсер бөбек!
Қызығында жүргенде көп жұмыстың,
Білмесе де анықтап атыңды ешкім,
Күнде күліп маздаған терезелер –
Емес пе екен сенің сол қуанышың?
Жанға əйгілеп жатпайсың өзіңді өзің,
Жұрт біткенге белгілі ол мінезің.
Бірақ сонау самсаған сəулетті үйлер
Білем, сенің өшпеске жазған сөзің!





Пікір жазу