ТАЙЫРДЫҢ ҚАЙЫҢЫ
Балбыратқан жер бетін жылы көктем,
Дүниеге май қандай нұрын төккен!
Жібек құсап желпісе жерді желі,
Күлімдейді масайрап күні көктен.
Бақты аралап келемін əдейі мен,
Саф ауамен сағынған аламын дем.
Құлағымда көктемнің тұр тынысы,
Құстың қилы құбылған əуенінен!
Жамырап тұр жан-жақты жас қайыңдар,
Жаз деміне бəрі де жастай құмар.
Кенет тоқтап, біріне қалдым қарап,
Еске түсіп өткен бір жақсы ай, жылдар.
Тұрдым əбден жерінен танып оны;
Сонда ақынның өзі еккен анық оны.
Желге еркелеп желпінген жапырақтарын
Сипағандай аялап Тайыр қолы.
Тату едік Тайырмен біз ертеден,
Арамыздан өмірі қыл өтпеген.
Егіп едік сонда осы қайыңдарды
Қиыспайтын бір-бірін жүрекпенен.
Бірге соққан қашан да сол жүректей,
Қатар түзеп өсіпті қайың өңкей.
Еске алғандай қымбат бір шағымызды
Қастарынан мен ұзақ тұрдым кетпей...
Көрсем де мен қалада талай қайың,
Тайыр жайын есіме алам дəйім:
Соның бəрі достардың көздеріндей
Жазып кеткен мəңгіге сөздеріндей!