11.07.2022
102
ҚЫРАН ҚҰЗЫ
Аспанға бойлап қарайсың
Атақты биік Асылбай.
Қабаттап қалың орайсың
Басыңнан бұлтты асырмай.
Төсіне тұман түнеген
Тартады көзді сұрғылт тас;
Томсарып үнсіз түнерген
Жалаңаш заңғар тұп-тұтас.
Шарықтай өрлеп жоғары
Шалқиды қыран құзыңда.
Бауырын төсеп соларды
Өсірдің бе екен мұзыңда?
Қаратып қарсы дауылға,
Баулыдың ба екен аямай?
Дағдалтып нөсер жауынға,
Ойнаттың ба екен нажағай?
Көкпеңбек найза ұстаған
Ұяңда жатыр жас қыран.
Танитын болса құсты адам,
Тайынбас, сірə қасқырдан.
Қып-қызыл отты көзінде
Көргенін қоймас тұр уыт.
Қиырдан шалған кезінде
Қыранға бəрі жұп-жуық!
Осылар өскен құзыңды
Жайым жоқ қиын, қия дер.
Нажағай, жауын, мұзыңды
Маған да солай қия көр!