11.07.2022
  126


Автор: Ғали Орманов

ТАУ СЫЙЫ

Көкірегі көк орай
Көз жіберші тауыма:
Көк шашақты қарағай
Қандай ұқсас бауына!
Сырғи аққан бұлағы
Сыңғырайды күмістей.
Судыраған құрағы
Құбылады пүліштей.
Желпи өскен самалы
Жəне ұқсайды жібекке.
Жан біткенге жағады,
Дəрмен беріп жүрекке.
Сен де сонда қыдырып,
Дамылдауға шығарсың.
Бұлағынан сіміріп,
Бұлбұл əнін тыңдарсың.
Күні күлген төбеңде,
Тау тынысын байқарсың.
Байығандай өлеңге,
Бəлкім тасып қайтарсың!





Пікір жазу