11.07.2022
  124


Автор: Ғали Орманов

ДОСТЫҢ ҰЯСЫ

Шарықтай ұшып Киевтен,
Келеміз беттеп дос елге.
Танылар емес биіктен,
Шолайын шегін десем де.
Жерінің қайсы жапсары?
Жалғасып жатыр баулары.
Төбеңде тұтас аспаны,
Төменде тұтас таулары.
Өреген өзен, көк теңіз
Жатар ма жəне қосылмай?
Жаралған жандар ма екенбіз,
Жанымыз бірге осындай?
Бухарест кенет көрінді,
Маржандай үйі тізіліп.
Көрмеген қала өмірі –
Көзіме менің тым қызық!
Ағайын елдей əуелден
Аралас екен арамыз!
Осынау жақын жер əудем,
Болды екен бұрын неге алыс?
Қалаға келіп қонарда,
Қозғады ойлар осындай.
Құшағын жайды олар да,
Қашанғы қимас досымдай!
Жадымда қалар кездер көп,
Жарастық толы жəне ыстық.
Жалтаңдау жаттық сезгем жоқ,
Жамырап ылғи табыстық.
Жарасса солай дүйім ел,
Жанымыз жайсаң демес пе!
Жалғасқан шегі жұмыр жер –
Жасаулы ұяң емес пе?!..





Пікір жазу