11.07.2022
88
СЫНА
Сіркеміз су көтермей,
Суық тартқан келді шақ.
Сиқымыз бар бөтендей,
Табыспаймыз ел құсап.
Түнді өткізбей мəз етіп,
Жөнелтеміз жөтелмен.
Жуып кетсек – баж етіп,
Шытынақпыз шетеннен.
Бір төсекке сыйыспай,
Араздасқан жетті кез.
Бір минутке қиыспай,
Аймаласқан жоқ мінез...
Қозғалысың, тынысың
Жəне сонша жағымсыз.
Ішіңде өшіп дыбысың,
Жат тартқамыз неғып біз?
Жылдар жолы тым ұзақ
Қайда əкеткен алыс қып?
Өкпелесіп жүріп-ақ,
Отырушы ек табысып...
Жалыныңды азайтып,
Сығады екен жыл əрі,
Араңа да алшайтып
Қағады екен сынаны!