11.07.2022
  87


Автор: Ғали Орманов

ҰЛҒАЙҒАННЫҢ ОЙЫ

Жастықта шалқып жатқан жалын қандай!
Алдыңнан не қаласаң табылғандай.
Сезесің өзіңді өзің еркін сонша,
Тіршілік түгел саған бағынғандай.
Досың көп, дəулетің мол,
дəурен қызық,
Күп беріп ортасында жүрдің жүзіп.
Қол созсаң қайдағыға – қарымың кең,
Көрмедің көңілің қалып, күдер үзіп.
Көп пе екен сонда жиған жол азығың?
Соңыра сездірмесін ол аздығын!..
Оқыс кеп толы шараң төгілгендей,
Деп жүрме: амалым не, жоқ жазығым!..
Алдыңды өмір сүрген пайымдамай,
Болады қартайғанда жайың қалай? –
Жалтаңдап жан-жағыңа, қиналарсың,
Келгендей қыс айына дайындалмай!..





Пікір жазу