11.07.2022
  128


Автор: Ғали Орманов

ӨМІР ӨЛЕҢІ

Тым əсем жаздың бұлты өркеш-өркеш
Көмкерген көкжиекті ертелі-кеш.
Бастыра түйелерге жүгін артып,
Шұбала ерге тартқан секілді көш.
Сан оны шапағына орайды күн,
Құбылтып алқызылға бояп жүгін,
Көңліңді көрген сайын бір толқытқан,
Жоқ оның қызығына тояр күнің!
Ұқсайды кей суреті аңға, тауға,
Сүйкімді тамашалап таңырқауға.
Алдыңда жаратылыс бар қызығы,
Жайың жоқ жазатайым жабырқауға.
Сөнгенде кешкі шапақ күн салқындап,
Төңірек түнергенде түн жақындап.
Салбырай бұлт қабағы қарауытып,
Қояды арасында от жарқылдап…
Ойланып көп қараймын сол суретке,
Құйғандай əлденесін көкірекке.
Өмірі өлең толы сол сезімді,
Кеудемнен өл-өлгенше əлсіретпе!





Пікір жазу