11.07.2022
  125


Автор: Ғали Орманов

ҚОШ, МҰҚА!

Ауыр қазаң үстінде
Айта алмадым сөзімді.
Жалын жатты ішімде,
Жасқа бұлап көзімді.
От күйігі өлімнің
Өртеді де өксітті.
Шерін шертсем көңілдің.
Жетер емес сөз тіпті!
Қалғып кеткен қалпыңды
Қабырға да қимадым.
Қамықтырып халқыңды,
Қайран Мұқам, қинадың!
Өзегім өрт, ішім шер,
Ылажым не, қош, Мұқа!
Жайымды жұрт түсінер,
Жанын жайған достыққа.
Ұмытпас ел көңілі,
Күнде өзіңмен сырласар.
Жылы бейнең өмірі
Кеудемізде бір жасар.





Пікір жазу