11.07.2022
  93


Автор: Ғали Орманов

ТЕҢІЗ КЕШІ

Күн сүңгиді теңізге,
Қыза, қыза – шыдамай.
Қып-қызыл боп сол кезде
Көкжиектен шығады ай.
Өрт секілді тым бөлек
Сол бояуын көріп пе ең?
Секілді үлкен дөңгелек
Қызып шыққан көріктен.
Құм жағада жолдағы
Қайранға аунап жұп-жұмсақ,
Күнге күйіп ол дағы
Шықты ма екен бізге ұқсап?
Баяу өрлеп жоғары
Бар өңірге қарайды.
Манауратып жағаны
Сəулесіне орайды.
Шолса сонда су бетін,
Толғанады ақындар:
Допша қағып суретін,
Ойнайды аймен толқындар.





Пікір жазу