11.07.2022
  191


Автор: Ғали Орманов

ЖОМАРТ АНА

Анама ұқсап, туған жер,
Бар тұрғыны таныттың.
Бауырыңда өстім толғап жыр,
Сырыңа да қанықпын.
Тартынғанға – тас емен,
Талаптыға жомартсың,
Ана біткен тап сенен
Алды ма екен жорасын!
Бабыңды кім білмесе,
Бұрылмайсың мелшиіп.
Бабың келсе, мың есе
Жарылқайсың сен сүйіп.
Күллі өлкеңді егінге
Тағы сықап толтырдың.
Көз жетпейді шегіне
Көк ала жал толқынның!
Бұлттан жаңбыр сабақтап,
Тарттың күннің сəулесін.
Көкірегіңе ардақтап
Тақтың гүлдер мəуесін.
Береріңе келгенде
Берекеге толысың,
Барлық қуат кеудеңде
Бұрқырайды күндіз, түн.
Қарық қылар шағында,
Қалпын сезбес кім мұның?
Құшағыңа тағы да
Миллиард сыйып тұр бүгін.
Қауырт соған келген жұрт,
Көрер түгел қызығын.
Кідірте алмас түн мен бұлт,
Толастамас қызу үн!
Сапырылған қат-қабат
Саябырлар көп жұмыс.
Сонда тауып тек тағат,
Дамылдарсың тым-тырыс…
Қуанышты көзіме
Кейде үңіле қарарсың;
Алдағы бір кезіңе
Мегзегендей боларсың!





Пікір жазу