11.07.2022
  138


Автор: Ғали Орманов

КӨКТЕМ ЖЫРЫ

Мен өзім жыр жазғам жоқ көптен бері,
Шіркіннің жылы-ақ еді төккен лебі.
Жаңа өскен жапырағының сыбдырындай,
Жіберді кенет қозғап көктем мені.
Жарысып жан-жағымда түрлі бұлақ,
Даусына сан құбылған түрдім құлақ:
Төгіліп əн мен күйі тұр қасымда,
Жатсашы, ең болмаса, бірі жырақ!
Жаз, жаз деп жабылып тұр бəрі маған,
Жас өрен, жапырақ, майса жамыраған;
Көктемнің күн шуағын көрем ылғи,
Сүйкімді түрлерінен балбыраған.
Əсем жыр – қаулай өрген отар төлі,
Жас егін – жасыл барқыт жапан толы!
Елімнің ең аяулы өлеңіндей,
Көргенше асығамын қашан соны!
Жазбассың оны қалай жана жаздап,
Жаныңда жақсы оттары жатса маздап!
Оқушым, осы сөзім, кешірім ет,
Сенің де бір ойыңды кетсе қозғап!





Пікір жазу