11.07.2022
  111


Автор: Ғали Орманов

ДƏРМЕН

Жасымнан дəмін көп таттым
Қыруар қиын дəрінің.
Қынжыла жұтқан жас, қарттың
Есінде шығар бəрінің.
Көнесің бірақ дəміне,
Көмейіңді өртеп кетсе де ол.
Тынысың тек сол, əрине,
Бермесе болды дертке жол!
Қысылып кейде зертеңнен,
Сүлдерім қалды аз өлмей.
Химия келіп ертеңмен
Болысты сонда əжемдей.
Сүзілген не бір сырқаттан
Күшімен соның оңалдым.
Білемін, мені сол қаққан
Аузынан талай ажалдың.
Дауалы қолы емдеген
Дəрменім болды əр жолы.
Құбылтып шебер енді əжем
Киім ғып маған берді оны.





Пікір жазу