11.07.2022
  113


Автор: Ғали Орманов

ҚАНАТТЫ ҚҰРЫЛЫС

Қалықтаған таңертеңнен
Қарап тұрсаң кранға,
Ұясына жем əкелген
Ұқсайды екен қыранға.
Бұлтқа аралас зəулім биік
Бұлдыраған қияда,
О да осылай қанат шүйіп
Сорғалайтын ұяға...
Көрем ылғи қала сайын
Қаулай ұшқан кранды.
Сүйсінемін соған дəйім,
Адамдай-ақ сыралғы.
Ол шарықтап қақса қанат,
Өседі үйлер қаз-қатар.
Қарсы алдыңа қабат-қабат
Орнайды бір ақ жақпар.
Жарыстыра үй өркешін
Өрге тартқан сол əне!
Қуандыра, қала еңсесін
Көтереді жоғары.
Шарықтата соны тынбай,
Адам ойы қозғаған.
Замананың қанатындай
Елестейді ол маған!





Пікір жазу