ОТ ӨЗЕН
Домнаға төне тықыршып,
Қуана күттік қанша біз,
Шықпады кімнен тер шып-шып,
Шымырлап түгел арқамыз!..
Толқытпас сені жер қалай,
Тағдырың телі жасыңнан!
Ағытқан тұңғыш арнадай,
Атқыса шойын тасыңнан!
Дүрілдеп тұрған домнаны
Біреулер ашты бұрғылап.
Көмейден жоси заулады
Лапылдап жоны бір бұлақ.
Қып-қызыл жайқын арналы
От өзен ол бір көрмеген.
Жалтылдап жалын жалдары,
Шалқыды жарға көлденең.
Анталап тұрған адамды
Алыстан лебі толқытты.
Көзімізге үйір заманғы
От емес таныс ол тіпті!
Көргемін күннің шапағын
Кейде бір кешпен, ертеңмен:
Жиегін шарпи аспанның
Секілді бұлттар өртенген.
Таппайсың теңеу басқа одан,
Қарбалас кезде тұтқиыл.
Бөлініп түскен дəл содан
Бөлшегіне ұқсас соның бұл.
Алдыңда соны шалқытып,
Сапырса жұрттың өз қолы,
Тасыңды тұрған балқытып
Секілді тіпті өздері!..
Суреттен түгел күшті бұл
Көзіңе қанық ежелгі:
Арнада жоны қып-қызыл
Аунайды оттар өзені...
Қуаты күннің нұрындай,
Көрінер ылғи маздап ол.
Таусылмас өмір жырындай,
Жаныңды дəйім қозғар ол!