11.07.2022
  160


Автор: Ғали Орманов

АНА АЛДЫНДАҒЫ СЕЗІМ

Түу-түуден жеттім шырқап «Туға» мініп,
Таң сызды, көкжиекке қылаң кіріп.
Қиырдан қилы биік қылтылдады,
Бір түрлі көңілімді қуандырып.
Манаурап көрдім таулар оянғанын,
Қырлары қызыл нілге боялғанын.
Самсыған сахараның сəулетіндей,
Суретін қанша көрсем, тоя алмадым.
Қарайды біріне тау бірі асылып,
Самғайды деңгейінде «Ту» асығып.
Аңғарын алуан түрлі ашады тау,
Алдыңда қалар емес түк жасырып.
Қараймын көз айырмай мен де соған,
Мен үшін ештеңе тең болмас оған!
Əжімді бейнелері сонша жылы,
Қадірлі қарт анамдай көп жасаған.
Алдында кең дастарқан – байтақ дала,
Көл-көсір толы несіп, байқағанға.
Соларды сыбағаңа үйіп-төгіп,
Сарыла сақтағандай саған бола.
Сол жайы туған жердің ой салғандай,
Толғанам, жеткізе айтар сөз таба алмай
Сондай бір босаңдығым бар өзімнің,
Қуанғыш ана десе жас баладай.





Пікір жазу