11.07.2022
  268


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҚОС БӨБЕК

І
Көктемде тудың, күн тұрды шалқып,
Аспаным қандай тап-таза мөлдір!
Жел есті жайлап, сыбырлап айтып
Келгенін бізге бір сəби өмір.
Көктемде тудың, гүлімсің қызым,
Күтейін сені, баптайын сені.
Үй ішім менің, түрмысым – қызым
Бағайын сені, сақтайын сені.
Кішкентай күнім, құмда қап ізім,
Жүруші ем қырдан бəйшешек теріп.
Хош иіс сəби,
қызғалдақ қызым,
Еске алдым соны, мен сені көріп.
Қамықсаң-шаттық, шаршасаң-тыныс.
Əкеге мерей сəби қыз жаны.
Таусылмас байлық, сарқылмас ырыс
Өмірдің шырын, ақ уыз балы!
ІІ
Сүй, ұлым, сүй анаңды,
Менен де, бірақ қызғанба.
Əрине, саған ұнамды
Одан артық жүз бар ма?
Мен үшін жалғыз жүректі
Екіге бөлген сен едің.
Ұлғайтып арман, тілекті,
Жер басып міне жөнелдің.
Жүгірші! – деймін мен саған,
Байқашы! – дейді ол елжіреп..
Екеуміз үшін біл, балам,
Мəңгілік қамқор сол жүрек.





Пікір жазу